Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Чжо Тэ-ик «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» Президиум Төрағасы Дүйсен Қасейіновті қабылдады. Астанадағы елшіліктің кеңсесінде өткен кездесуге Қауымдастықтың Басқарма Төрағасы Қанат Бейсек, Қауымдастықтың Атқарушы хатшысы Қанат Тоқабаев, сондай-ақ Елшіліктің саясат бөлімінің жетекшісі Ким Иль-джунг, Корей мәдениет орталығының директоры Ку Бон Чхоль және елшілік қызметкері Ғалия Нұркенова қатысты.
«Әріден бастасақ, менің корей елшілігімен де, корей халқының мәдени-рухани өмірімен де етене таныстығым Алматыдағы консерваторияға ректор болып тұрған кезімнен басталған. Сол жылдары корей елінің көрнекті өкілі, менің досым, профессор Хан Мён Химен жақын араластық. Сол тұста ол президенттің мәдениет жөніндегі кеңесшісі болды, дәстүрлі музыка жағына көп көңіл бөлді. Мінеки, осы араластығымыздың арқасында Қазақстанда корей тілі және корей елінің дәстүрлі музыка аспабы қаяғымды үйрететін алғашқы сабақтар біздің консерватория қабырғасында болған», - деді Дүйсен Қорабайұлы.
Сонымен қатар Президиум Төрағасы Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстар соңғы жылдары қарқынды дамып отырғанына тоқталды.
«Корея дәстүрлі және классикалық өнерге үлкен назар аударып отырғанын жақсы білемін. Мәдениет министрі болғанда да, Түркісой халықаралық ұйымын басқарған жылдары да бұған куә болып, мейлінше қолдау жасадым. Қазіргі уақытта мен бірқатар халықаралық конкурстардың, әлемдік байқаулардың қазылар құрамында болып тұрамын. Сонда байқағаным Корея елінің өкілдері әсіресе классикалық және дәстүрлі музыка бойынша халықаралық деңгейде өте жоғары өнер көрсетіп, зор жетістіктерді бағындырып жатыр», - деді Дүйсен Қасейінов. Бұдан бөлек, тараптар Қазақстан мен Корея Республикасының мәдени әріптестігі бойынша өзара пікір алмасып, алдағы жоспарларын таныстырды. Бұл ретте Қазақстандағы Корей мәдениеті орталығының директоры Ку Бон Чхоль Ақтау қаласының «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанғанын еске салды. Сонымен қатар, Ақтау қаласында жоспарланатын мәдени іс-шараларға қызығушылығы бар екенін жеткізді.
Елшіліктегі жүздесуде Қауымдастықтың сауда-экономикалық қызметі туралы да әңгіме өрбіді. Бұл ретте Басқарма Төрағасы Қанат Бейсек Қазақстан мен Корея арасындағы кәсіпкерлерді өзара қолдау, оларға жан-жақты көмек көрсетуге қатысты жоспарына тоқталды. «Корей елінің экономика және бизнес саласындағы жоғары технологиялары қарқынды дамып отырғаны бізді қызықтырады. Осы бағытта әріптестікке ашықпыз. Бұдан бөлек, халықаралық бизнес процестерді жеңілдету үшін жасанды интеллект пайдаланып, өзіміздің платформаны дайындадық. «QAZAQ Заңгер-Чаты» аталатын бұл платформа арқылы енді әлемнің көптеген бизнесі Қазақстан заңнамасымен етене таныса алады. Қазірше біздің жасанды интеллектке негізделген өніміміз әлемнің 12 тілінде, атап айтқанда ағылшын, жапон, корей, қытай, индонезия, малай, тай секілді тілдерде заңнамалық- құқықтық нормалар бойынша кеңестер бере алады. Яғни, енді корей бизнесмендері Сеулде отырып-ақ, Қазақстан заңнамасына қатысты өздеріне керекті мәселелерді сұрап, біле алады», - деді Қанат Бейсек.
Өз кезегінде елші Чжо Тэ-ик мырза Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық, мәдени байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанына назар аударды. «Жыл басынан бері ек елдің сауда айналымы 3,5 млрд доллардан асып отыр. Қазақстаннан негізгі экспорт мұнай, уран, ферроқортпалар болса, Кореядан автокөлік бөлшектері, косметика өкімдері экспортталады. Біздің сауда саласында көптеген мүмкіндіктеріміз баршылық. Екі халықтың мәдени-рухани байланысын тереңдету мемлекеттердің одан әрі дамуына да оң серпін береді. Сол үшін сіздердің Қауымдастықтың қызметіне біз қызығушылық білдіреміз. Біздің Қазақстандағы мәдениет орталығымыз сіздермен байланыста болады. Сонымен қатар, Алматыдағы Корея консулдығының KOTRA орталығымен әріптестікті қарастыруды ұсынамын», - деді Елші.