KAZINFORM: Қазақстанда Азия елдерінің саудасы мен мәдениетін қатар дамытатын қауымдастық құрылды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» атты заңды тұлғалар бірлестігі құрылып, ұйым төралқасының алғашқы отырысы өтті.

Жиын барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дүйсен Қасейінов қауымдастықтың төралқа төрағасы болып сайланды.

Сондай-ақ, қауымдастықтың мақсат-міндетін айқындайтын стратегиялық тұжырымдамасы бекітілді. Қауымдастықтың Басқарма төрағасы Қанат Бейсектің айтуынша, бұл ұйым бұған дейінгі «Қазақстан-Қытай саудасына жәрдемдесу қауымдастығының» тәжірибелерін ескере отырып, ауқымын кеңейту бағытында құрылған.

Жаңадан құрылған Қауымдастық бірінші кезекте бизнес пен іскерлік, мәдениет бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардан бастап, жеке ұжымдық бастамаларды, бизнес пен мәдениет саласының сұраныстарын жүзеге асыратын платформа болады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Азия елдері арасында іскерлік мәмілелерді сүйемелдейтін, кәсіпкерлік байланыстар мен бірлескен мәдени халықаралық жобаларды жүзеге асыратын «алтын көпірге» айналуды мақсат етеді.

87ec34dc-478e-4a79-a7aa-bd5be046b05d.jpg

«Осы «алтын көпіріміздің» өзі үш бағытты қамтиды. «сауда көпірі» - Қазақстан мен Азия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтатын көпір. Оны «іскер адамдардың көпірі» десек те болады. Ал «мәдениет көпірі мәдени әріптестік саясаты тұтас Азия елдерінің мәдени-рухани іс-шараларына, бастамаларына арналады. Үшінші «ақылды көпір» «ChatGPT-4» сияқты жаңа технологияларды, креатив индустрияны, онлайн-бизнес миссияларды Қазақстан мен Азия арасындағы бизнес пен мәдени әріптестіктің игілігіне пайдалануды көздейді», - дейді Қанат Бейсек.

Қауымдастық халықаралық деңгейде Қазақстанның имиджіне де атсалысып, көрме, форум, конференция, фестиваль түріндегі ауқымды іс-шаралардың өтуіне қолдау көрсетеді. Осы мақсат аясында жыл сайын Астанада дәстүрлі түрде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумын өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, күллі Азия деңгейінде «Азия халықтарының дәстүрлі музыка фестивалі» ұйымдастырылмақ. Осылайша бұл ұйым Азия құрлығындағы тарихы тым көне дәуірлерден бастау алатын халықтардың дәстүрлі музыка өнерін әлемге дәріптеуде мұрындық болғалы отыр.

«Қауымдастық стратегиясындағы сауда мен мәдениетті қатар алып жүру туралы шешім өте дұрыс. Себебі, кезінде Ұлық ұлыс – Алтын Орданың да, Орталық Азияның басқа да ірі мемлекеттерінің ыдырауына Жібек жолының тоқтауы өз әсерін тигізді. Шығыстан Батысқа созылып жатқан керуен жолдарының, сауда-саттық пен барыс-келістің тоқтауы алпауыт мемлекеттердің мәдени дамуын да, экономикасын да, саяси жүрістерін де тоқырауға ұшыратты. Ал бүгінге келсек, Мемлекет басшысы халықаралық деңгейде сауда интеграциясына, өңір елдерімен, Азия елдерімен жақын байланыстарға да үлкен назар аударып отыр. Сенатта осы Азия бағыты бойынша бірнеше заң мақұлданып, Президенттің қол қоюына жолданды», - дейді Дархан Қыдырәлі.

25392897-c2e2-4900-89fb-4952faab1026.jpg


Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Азияның бірқатар елі бір-бірінің мәдени орталығын ашуға уағдаласып отырғанын айтты. Бұл келісім заңнама жүзінде бекітілген.

«Қауымдастық осындай жұмыстардың бәрін үйлестіруде ұйытқы бола алады», - деді Дархан Қыдырәлі.

Жиында қауымдастық мүшелері төралқа құрамына шет елдерден де мүшелер тартуды ұсынды. Ал қазіргі құрамына мынандай адамдар еніп отыр:

- Дүйсен Қасейінов (төралқа төрағасы), Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі, профессор,

- Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов,

- Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов,

- Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан,

- Сенат депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Дархан Қыдырәлі,

- саясат және қоғам қайраткері Жандарбек Кәкішев,

- Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев,

- Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков,

- «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығының» Басқарма төрағасы Қанат Бейсек.

https://kaz.inform.kz/amp/kazakstanda-aziya-eldernn-saudasi-men-madenietn-katar-damitatin-kauimdastik-kurildi-b17207/