Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін екі жолақты көпір арнайы сынақтан өтті. Бұл — Қазақстандағы ең ұзын көпір, оның ұзындығы 1316 метр. Екі жолақты көпір Шығыс Қазақстан облысының Жарма, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Зайсан және Алтай аудандары арасында көліктердің жыл бойы үздіксіз жүруін қамтамасыз етеді.
Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сүйенсек: «Көпір құрылысын тексеру үшін жалпы жүктемесі 450 тоннаны құрайтын 15 жүк көлігі тартылды. Арнайы құрылғылар көпірдегі деформация, діріл (вибрация) және жүктемені бөлу көрсеткіштерін тіркеп алды».
Сынақ нәтижесінде жаңа көпірдің барлық нормативтік қауіпсіздік талаптарына сай және үлкен жүктемелерге төтеп бере алатыны расталды.
Айта кететін жайт, Үкімет басшысы Олжас Бектенов шілде айындағы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында жол-көлік саласын дамыту жоспарларымен танысып, Бұқтырма су қоймасындағы Күршім көпір өткелінің құрылыс қарқынын тексерді. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында салынып жатқан көпір ақылы болуы мүмкін екені айтылды.
Бұдан бөлек, Бұқтырмадағы көпір құрылысына шетелдік жұмыс күші тартылмағаны белгілі болды.