Жақсы өнерпаз елдің құты, халықтың қазынасы ғой. Өнерде өшпес із қалдырған жанның қазасын қабылдау да қиын, есту де ауыр.
Қайрат бауырым кәсіби актер ғана емес зиялы азамат, достыққа берік сертшіл жан еді. Кейде шын өнердің мақсаты не десе - шын өнердің мұраты жаны ояу, жүрегі жұмсақ қоғам қалыптастыру деп жауап берер едім.
Алып жүректі Қайрат інімнің Қазақ хандығы сериалында Керей ханның образын сенімді сомдағаны баршаға аян. Тарихи сериал тарихта қалды. Керей хан бейнесі мәңгі ұмытылмайды.
Зор талант иесі өмірден көшкенмен оның сомдаған образдары халықтың жадынан өшпейтініне кәміл сенемін. Еліне сіңірген еңбегі бар азаматты Мағжанша айтқанда ел де, жел де, бел де есінде сақтайды.
Қаза қайырлы болсын ағайын!
***
Екі өмір жоқ,
Екі жер жоқ о бастан
Оған куә айдай әлем, көк аспан.
Қамал жасап ала алмайсың қайғыдан
Адам жасап ала алмайсың ағаштан
Осылай деп жырлаған Қазақстанның Халық жазушысы, Алаштың аймаңдай ақыны Исрайл Сапарбай замандасымыздың өмірден өтуі, ұлт руханияты үшін орны толмас қаза. Ол туған халқына жырымен де, әнімен де, қайраткерлігімен де қызымет етті. Елге, жерге, өнерге деген адалдығынан айнымады.
Оның жырларын дана да, бала да оқыды. Оның әндерін жас та, жасамыс та шырқады.
Бір данышпан "сөз тоқтаған жерде музыка басталады" депті ғой. Ақынның артында өзіммен бірге үлкен сахналарда өнер көрсеткен айтулы музыкант, белгілі скрипкашы Еркебұландай ер қалды. Ақын сөзін ендігі жерде ізбасары сазды әуезімен жалғайтынына кәміл сенемін.
Қазаның арты қайырлы болсын!
Профессор Дүйсен Қасейінов