6 шілде – Ұлттық Домбыра күні Ақмола облысы, Степногор қаласының «Горняк» Орталқы мәдениет сарайында, «Ұлттық Домбыра күні – Ұлт болмысы» атты музыкалық-поэтикалық концерті өтті.
Өнер кешінің басты мақсаты – Ұлттық Домбыра күнін ұлықтап, төл өнеріміздің рухани мәнін халыққа жеткізу болатын. Осы мақсатты басты нысан еткен музыкалық-поэтикалық концертке Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығының Президиум Төрағасы, Мемлекет және қоғам қайреткері, ICTMD Дәстүрлі музыка және би бойынша халықаралық кеңестің елшісі Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов жетекшілік етсе, кештің сәтті өтуіне белгілі кәсіпкер, меценат, өнер жанашыры Марат Нәби мен «Скинест Рейл Казахстан» ЖШС Бас директоры Жидебаев Серік Төлегенұлы демеушілік жасады.
«Ұлттық Домбыра күні – Ұлт болмысы» атты музыкалық-поэтикалық концертке елімізге белгілі өнерпаздар Астанадан арнайы барып өнер көрсетті. Айталық, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Мемлекеттік Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының солисті, күйші Қайрат Айтбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ербол Айтбаев және Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Халқаралық «Мен қазақпын» мега жобасының гран-при иегері, кәсіби жыршы Күнсұлу Түрікпен. Сонымен бірге кештің жүргізушісі, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ұмтыл Зарыққан.
Музыкалық-поэтикалық кештің беташар сөзін жоба-жетекшісі Дүйсен Қорабайұлы алып, концерттің маңызы мен мазмұны, Алаш арыстарының қазақ музыкасындағы орыны туралы сөз қозғады. Барша Степногор қаласының тұрғындарын Ұлттық Домбыра күнімен құттықтап, мерекелік сәлем жолдады.
Кеш шымылдығын күйші Қайрат Айтбаев Тәттімбет Қазанғапұлының «Көкейкесті» күйімен ашып, ары қарай Байжігіттің «Еркеатан», Сүгір Әлиұлының «Шалқыма» сынды күйлерімен жалғастырды. Жыршы Күнсұлу Түрікпен Тұрмағамбет, Нұртуған, Нартай сынды Сыр сүлейлерінің жырларын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш тізгіншісі ақын Ұмтыл Зарыққан домбыра, күй төңірегіндегі авторлық өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашса, әнші Ербол Айтбаев «Иманжүсіптің әні» мен Зілқараның «Жирма бесін» асқақтата шырқап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Қайрат Айтбаев Степнагор қаласы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлына «Сал домбыра» атты зерттеу еңбегін сыйлап, кеш шымылдығын Ықылас Дүкенұлының «Жезкиік» күйімен түйіндеді.
Қортынды сөз алған қала әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы өнерпаздарға, Дүйсен Қасейінов пен Марат Нәби, Серік Жидебаев мырзаларға алғысын білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
Ұлттық өнерді ұйтқы еткен бұл музыкалық-поэтикалық концерт, алдағы уақытта еліміздің өзгеде өңірлерінде жалғасын табады деп жоспарланып отыр.