Қостанай облысындағы Арқалық жасөспірімдер театрында «Ұлттық Домбыра күні – Ұлт болмысы» атты музыкалық-поэтикалық концерт өтті. Концерттің мақсаты – Астана мен Алматы сынды өнер орталығынан алыс жатқан шағын қаланың рухани өміріне нәр беріп, ұлттық төл өнеріміздің қадыр-қасиетін танытып, болмыс-бітімін нәсихаттау еді.
Іс-шараға Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығының Президиум Төрағасы, Мемлекет және қоғам қайраткері, ICTMD Дәстүрлі музыка және би бойынша халықаралық кеңестің елшісі Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов жетекшілік етті. Ал мәдени-рухани шараға белгілі кәсіпкер, меценат Марат Нәби демеушілік жасады.
Музыкалық-поэтикалық кешке Астана қаласынан арнайы келген өнерпаздар қатысты. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының солисті, күйші Қайрат Айтбаев; ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ербол Айтбаев; Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, жыршы Күнсұлу Түрікпен және концерттің жүргізушісі, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ұмтыл Зарыққан.
Шараның ашылуында сөз сөйлеген Дүйсен Қасейінов Ұлттық домбыра күнінің маңыздылығына атап өтіп, барша халықты мерекемен күнімен құттықтады.
Ал күйші Қайрат Айтбаев қазақтың әйгілі күйлерін орындап, Күнсұлу Түрікпен дәстүрлі жырдан шашу шашса, дәстүрлі әнші Ербол Айтбаев халық әндерінен шырқады. Кеш жүргізушісі Ұмтыл Зарыққан әрбір шығарманың тарихи мағынасы туралы ақпарат беріп, авторлық өлеңдерін оқыды.
Шара аясында Қайрат Айтбаев Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асановқа және балалар музыка мектебінің директоры Жақсыгүл Ибрагимқызына балаларға арналған «Құлабыз» кітабын сыйлады. Мектеп оқушыларына арнап жазылған Дина Әмірованың бұл кітабы – балаларға домбыра үйрену барысында сауат ашып, жол сілтеуде таптырмайтын оқулық.
Іс-шара соңында қала әкімі Әмірхан Асанов өнерпаздарға және ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, ықылас гүлін табыстады. Айта кетерлігі Ұлттық домбыра күнін ұлықтайтын мұндай музыкалық-поэтикалық концерт еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын табу жоспарланған.