Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі күніне арналған салтанатты жиында «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» Президиумының Төрағасы, Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов «Нәзір Төреқұлов атындағы медальмен» марапатталды.
Бұл жоғары награда – Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан айрықша үлесі үшін беріледі. Марапатты ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу салтанатты түрде табыс етті. Министр өз құттықтауында Қазақстанның жаһандық және өңірлік үдерістерге белсенді қатысып, беделін нығайта түскенін атап өтті:
«Қарқынды өзгерістер жағдайында Қазақстан жауапты мемлекет және жаһандық әрі өңірлік үдерістерге белсенді қатысушы ретінде беделін нығайтуды жалғастыруда. Бұл – дипломаттардың жанқиярлық және тынымсыз еңбегінің нәтижесі», – деді СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу.
Дүйсен Қасейінов – еліміздің дипломатиялық қызметімен қатар, мәдениет пен өнерді дамытуға сүбелі үлес қосқан көрнекті қайраткер. Ол халықаралық мәдени байланыстарды нығайту, түркі әлемінің өнері мен музыкасын дәріптеу бағытында көпжылдық қажырлы еңбек атқарды. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын арттыруда, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатуда да белсенді рөл атқарды. Қазақ халқының мәдени мұрасын әлемге таныту жолында ол көптеген халықаралық мәдени жобаларға жетекшілік етті. Сонымен бірге, жастардың рухани тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға ерекше мән беріп келеді.
«Нәзір Төреқұлов атындағы медаль» – кәсіби дипломатияның негізін қалаған тұлғалардың есімін ардақтап, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға айрықша еңбек сіңірген азаматтарға берілетін мәртебелі марапат.
Дүйсен Қасейіновтің ел дамуына, мәдениет пен дипломатияны ұштастыра отырып, Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға қосқан еңбегі осы марапат арқылы лайықты бағаланды.