Қазақстан-Қытай (Линьи) ІІ халықаралық тауар көрмесі өтті

2025 жылдың мамыр айында Қазақстанда халықаралық деңгейдегі маңызды шара – Қазақстан-Қытай (Линьи) ІІ халықаралық тауар көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, сәтті өтті. Бұл көрме екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетіп, стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашты.

Көрме алаңы Қытай мен Қазақстан кәсіпкерлері үшін бірлескен жобаларды талқылауға, тікелей келіссөздер жүргізуге және өнімдерді таныстыруға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Іс-шараға Қытайдың Линьи қаласынан келген 110-нан астам ірі және орта компаниялар қатысты. Олар ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, логистика, цифрлық технологиялар, экологиялық өнімдер секілді түрлі салаларда өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды.


Көрмеге Қазақстан мен Қытайдың әртүрлі өңірлерінен келген мемлекеттік органдардың өкілдері мен бизнес саласындағы жетекші компаниялар қатысты. Қазақстан тарапынан Алматы қаласы Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Әлішер Жұратұлы Сатыбалдиев, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Берщінбеков, Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Талғат Жанболатұлы Малыбаев, сондай-ақ Қазақстан-Азиат сауда және мәдени даму қауымдастығы президиумының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов, Қауымдастық Басқарма Төрағасы Қанат Бейсек болды. 

Қытай делегациясынан көрмеге Линьи қаласы Халық үкіметі төрағасының орынбасары әрі партия комитетінің хатшысы Го Хуншуэй мырза, Сыртқы істер басқармасы басшысының орынбасары Ли Вэньчжанг мырза, Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Го Минде мырза, Сауда басқармасының сыртқы сауда бөлімі жетекшісі Ло Сяосяо ханым және Халықаралық достық қоғамы хатшылығының хатшысы Сунь Вэньман ханым қатысты.

Көрме аясында түрлі салалар бойынша өнімдер мен қызметтер ұсынылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінен бастап, құрылыс материалдары, заманауи технологиялар, логистика, жеңіл өнеркәсіп және цифрлық шешімдерге дейінгі кең ауқымды ұсыныстар екі елдің кәсіпкерлері арасында серіктестік орнатуға мол мүмкіндік берді. Көрме барысында қазақстандық тарап өздерінің экологиялық таза өнімдерін, табиғи ресурстарға негізделген тауарларын таныстырып, қытайлық кәсіпкерлермен бірқатар іскерлік келіссөздер жүргізді.

Қазақстан-Қытай ІІ халықаралық тауар көрмесі – бұл тек сауда алаңы ғана емес, сонымен қатар мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтудың тиімді тетігі болды. Іс-шараның табысты өтуі тараптардың өзара сенімі мен мүдделерінің сәйкес келетінін айғақтайды. Алдағы уақытта мұндай көрмелерді тұрақты түрде өткізу және келесі кезеңін Қазақстан аумағында ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл бастама қос ел арасындағы әріптестікті одан әрі дамытуға серпін беретіні сөзсіз.