Кореяның Чеджу аралында өткен халықаралық фестивалге қатысқан Астана қаласының камералық хоры елге қайтар алдында ерекше рухани шара өткізді. Өнерпаздар Сеул қаласындағы Абай ескерткішіне барып, ұлы ақынға құрмет көрсетті.
Ескерткіш алаңында хормен бірге жиналған қауым Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған флешмобтың куәсі болды. Өнерпаздар «Көзімнің қарасы» әнін әуелетіп, ақын шығармашылығына деген шынайы құрметін әуезді әуен арқылы жеткізіп, қазақ мәдениетінің рухын шетелде паш етті. Сонымен қатар, достық пен мәдени әріптестіктің белгісі ретінде олар корей халқының рухани символына айналған «Ариран» әнін де орындады. Бұл жүрек тербетер сәт тыңдармандарды ерекше әсерге бөлеп, қазақ пен кәріс халықтарының арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайтты.
Фестивальде өнер көрсеткен хор мүшелері өздерінің кәсіби шеберліктерін шыңдап қана қоймай, ұлттық өнердің жауһарларын халықаралық сахнада насихаттады. Ал Абай әнін әуелеткен сәт олар үшін де, шетелдік тыңдармандар үшін де ұмытылмас естелікке айналды.
Осылайша, Астана камералық хоры халықаралық деңгейде өнер көрсетіп қана қоймай, ұлы тұлғаларға деген құрмет арқылы ұлттық мәдениетті әлемге танытудың жарқын үлгісін көрсетті.