Жапондық домбырашы мен қазақ күйшісінің рухани қауышуы

Күншығыс елінің азаматы Акира Такегучи қазақтың қара домбырасының сиқырлы үніне ғашық болып, Ұлы Дала мәдениетіне терең бойлау үшін Алматыға арнайы ат басын бұрды. Оның арманы — даңқты күйші, композитор Секен Тұрысбековпен жүздесіп, шебердің қолынан күй үйрену еді.

67b755320caab965720258.jpg

    Домбыраның қоңыр үні жапон жігітін алғаш естіген сәттен-ақ баурап алған. Содан бері сегіз жыл бойы домбыра оның жан серігіне айналды. Акира интернет арқылы Секен ағаның күйлерін тыңдап, әр нотасын мұқият зерделеген. Алайда күйдің нағыз құпиясын түсіну үшін көзі тірі күйшімен бетпе-бет кездесуді аңсады.

    Алматыға жеткенде, Секен Тұрысбеков жапон қонағын «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрімен таныстырды. Оркестр алыстан жеткен күй әуесқойына бірнеше қазақ шығармасын орындап, құшақ жая қарсы алды. Секен аға да Акираның домбыраға деген сүйіспеншілігіне риза болып, өзі күншығыс елінде талай мәрте өнер көрсеткенін, «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауынды» көрерменнің сұранысымен бірнеше мәрте қайталап тартқанын бөлісті.

    «Күй — аударманы қажет етпейді, оны жүрекпен тыңдап, жанмен сезіну керек. Қазақтың үніне, бояуына, қоңырлығына шын ғашық болған жанды көру мен үшін үлкен қуаныш», — деді Секен Тұрысбеков.

Секен.jpg

    Акира алғаш рет домбыраны Түркияда көріп, қазақ студенттерінен үйренген екен. Қазір оның репертуарында «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» сияқты жиырмадан астам күй бар. Ол Жапонияда өткен музыкалық байқауда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап, бас жүлдеге ие болған.

«Қазір Алматыда тұрып жатырмын. Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін тереңірек түсіну үшін тілді де үйренгім келеді. Ал Секен ағамен кездескенім — өмірімдегі ең маңызды сәттердің бірі. Білмегенімді сұрап, домбыра сырын одан әрі зерттеймін», — дейді Акира Такегучи.

    Осылайша, екі түрлі мәдениеттен шыққан музыканттар домбыраның қос ішегі арқылы бір-бірінің жүрегіне жол тапты. Бұл кездесу — шынайы өнер мен рухани үндестіктің символына айналды.