Ұлыбритания астанасының жүрегінде көктемнің шуақты лебі сезілді. Орталық Азияның бай мәдениеті мен шексіз өнері Лондон көшелерінде әсем әуенге айналып, көпшілікті баурап алды. Түркітілдес халықтардың өкілдері ұлттық нақыштағы киім киіп, сахнада өз өнерлерін асқақтата көрсетті.
Ауа райының өолайсыздығына қарамастан алаңға жиналған қауымның жүзінде шын шаттық нұры ойнады. Бір-бірімен амандық сұрасып, мәз-мейрам болған жұртшылық көктемнің жаңару мен бірлік әкелетін мейірімін жан-жүрегімен сезінді. Араларында алыстан ат арылтып келген отандастарымыз да, Лондонда білім алып жүрген жас студенттер де болды.
Мерекенің басты ұйымдастырушылары — Лондондағы қазақ және өзбек студенттері. UCL университеті осы шараға арнайы саябақтан орын бөліп, сахна мен қауіпсіздік мәселелерін қамтамыз етті. Қазақ студенттері қауымдастығының президенті Даниал Асқарғалиевтің айтуынша, Наурыз мерекесін ұйымдастырудағы негізгі мақсат — шетелдік достарға Орталық Азияның сан ғасырлық мәдени мұрасын таныстыру. Рамазан айына орай, мереке биыл ертерек өткізілді.
Алаңда өзбек пен тәжік ағайындар дәмі тіл үйіретін палау басса, қазақтың зергерлері мен қолөнершілері ұлттық бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Қолына домбыра ұстаған жас өнерпаздар қоңыр күй шертіп, халық әндерін жүректен жүрекке жеткізді. Балғын бүлдіршіндер де сахнаға шығып, өз өнерлерімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Бұл мереке шетелде жүрген әр қазақтың жүрегінде ұлттық мақтаныш сезімін оятып, тамырын тереңнен тартқан мәдениетіміздің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Лондон төрінде тойланған Наурыз баршаның жадында жылулық пен бауырмалдықтың символы болып сақталды.