Қазақстандық хор Чеджудағы халықаралық фестивальде көрерменді тәнті етті

    Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында өткен IX Халықаралық хор фестивалінің ашылу салтанатында Астана қаласындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хоры қатысып, қазақстандық өнердің жоғары деңгейін паш етті. Хор делегациясын «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» Президиум Төрағасы, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері, профессор  Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов бастап барды.

Хор.jpg

    Фестиваль барысында қазақстандық хордың өнері талғамы жоғары  көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Көрермен қазақтың ұлттық киімінің әсемдігіне, әндердің әуезділігі мен жүрекке жететін нәзік иірімдеріне тәнті болды. Әсіресе, домбыраның сүйемелдеуімен орындалған «Мен, мен едім» (Махамбет Өтемісұлы) және «Он алты қыз» әндері көрерменді баурап, концерттің шарықтау шегіне айналды. «Мен, мен едім» толғауын хорға лайықтап өңдеген — ұжымның дарынды әншісі әрі музыкалық көркемдеуші Ерболат Абылай. Ал әннің соло-орындаушысы — Ақжол Сәтжанұлы Серіков. Ақжолдың әрбір нотадағы сезімталдығы мен сахнадағы жарқыраған харизмасы көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

WhatsApp Image 2025-02-27 at 17.55.55.jpeg

    Үш күнге жалғасқан фестиваль бағдарламасы аясында Филормонияның камералық хоры қазақтың дәстүрлі әндерімен қатар, әлемдік классика мен заманауи шығармаларды орындады.

Хор репертуарында:

·   «Тау ішінде» (Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Демеуов) — жеке орындаушы Сания Ниғметова;

·   «Он алты қыз» (қазақ халық әні, Салтанат Бекмағамбетова) — жеке орындаушы Ақжол Серіков;

·    «Айналайын» (Әлиби Әбдинұров);

·    «Қарлығаш» (Ахмет Жұбанов, Ибадолла Матаков, Анатолий Молодов);

·    «Мен, мен едім» (Махамбет Өтемісұлы) — жеке орындаушы Ақжол Серіков;

·    «Бір бала» (қазақ халық әні, Салтанат Бекмағамбетова) — жеке орындаушы Индира Айтберген;

·    «Las olas de la mar» (Мартина Камарго, Хуан Мануэль Эрнандес-Моралес) — жеке орындаушы Индира Айтберген;

·    «Жайдарман» (қазақ халық әні, Латиф Хамиди);

·    «Қамажай» (қазақ халық әні, Борис Ляшко).

WhatsApp Image 2025-02-27 at 18.12.16.jpeg

    Фестиваль аясында хор ұжымы әр күн сайын жаңа бағдарлама ұсынды, бұл көрермендерге қазақ мәдениетінің сан қырлы бояуын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді. Әсіресе, домбыраның нәзік үні мен солистердің жанды орындауы көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

    32 талантты әнші өнер көрсететін Хордың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова, бас хормейстер  — Данара Ташатова.

Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында өткен IX Халықаралық хор фестивалі — әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік хор ұжымдарын біріктірген айрықша музыкалық шара. Фестивальдің басты мақсаты — әр елдің мәдениетін, ұлттық музыкалық дәстүрлерін көрсету және хор өнерінің сиқырлы әлемінде өзара тәжірибе алмасу.


WhatsApp Image 2025-02-27 at 17.56.53.jpeg