«Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» Президиум Төрағасы Дүйсен Қасейінов, Қауымдастықтың Басқарма Төрағасы Қанат Бейсек, Төраға орынбасары Қанат Тоқабаев Қазақстандағы Малайзия елшісінің қабылдауында болды.
«Біздің елшілікке қош келдіңіздер! Сіздер келерден бұрын ғана жақсы жаңалық естіп, қуанышты көңілмен қабылдап отырмын: соңғы үш айда Малайзия мен Қазақстанның сауда айналымы 28 пайызға өсіпті. Ал жыл басынан бері туризм көрсеткіші 300 пайызға жеткен. Бұл біз үшін үлкен жетістік», - деді кездесуде Малайзия елшісі Мохд Адли Абдуллах.
Елші Қазақстан мен Азияның сауда және мәдениетін қатар алып жүретін Қауымдастықтың қызметіне қызығатынын білдірді. «Менің Қазақстандағы дипломатиялық миссиям ең алдымен осы елдің тарихы мен мәдениетін білуден басталды. Қызметіме кіріскеннен кейін ең бірінші Астанадағы Ұлттық музейін араладым, қазақтың тарихымен тереңірек таныстым. Одан кейінгі кезекте Астана мен Алматыдағы жоғары білім мекемелерінде болдым. Кейіннен Түркістанға барып, керемет әсер алдым», - деді Мохд Адли Абдуллах.
Өз кезегінде Қауымдастықтың Президиум Төрағасы Дүйсен Қасейінов елшінің ыстық ықыласпен қарсы алғанына ризашылық білдірді.
«Сіз дұрыс айтасыз. Саясат мемлекеттерді алыстатуы мүмкін, ал мәдениет бәрін жақындастырады. Алматыдағы консерватория ректоры қызметінде болғанда осыған талай куә болған едім. Қазақстан егемендік алып, көптеген шет елдер елімізден дипломатиялық миссиясын ашып жатқанда олардың басым бөлігі біздің консерваторияға жиі келетін еді. Соның арқасында мен біраз елшімен жақын дос, әріптес ретінде араластым. Сонымен қатар, ежелгі тарихымыздан белгілі сауда жүрген жерде мәдениет те жүреді. Оған көне Жібек жолы да куә. Біздің Қауымдастық сондықтан да, сауда мен мәдениетті қатар алып жүруді мақсат тұтқан еді», - деді Дүйсен Қорабайұлы.
Жүздесу барысында Қазақстан мен Малайзияның мәдени әріптестігі, мәдениет саласындағы бірлескен жобалар туралы да сөз болды. Бұл ретте Елші Мохд Адли Абдуллах мырза Қауымдастықты екі елдің жан-жақты дамуына алдағы уақытта өз септігін тигізетініне сенім білдірді.
Сонымен қатар, кездесуде Қауымдастықтың сауда-экономикалық миссиясы жөнінде Басқарма Төрағасы Қанат Бейсек әңгімеледі.
«Малайзия -Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Жоғары технологиялық өнім өндіруде бұл елдің тәжірибесі ерекше. Сондықтан да, Малайзияның бизнесімен жақынырақ араласуды мақсат етеміз. Осы бағытта Қауымдастық алдағы уақытта Малайзия бизнесімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытады. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлердің мүмкіндігін көрсетуге тиіспіз деп санаймын. Бұл ретте, Елші мырзаның қолдауымен бірлескен көрмелер өткізу, форумдар мен іскерлік жиындар ұйымдастыруды ұсынғымыз келеді», - деді Қанат Бейсек.
Басқарма Төрағасы Қазақстанға қызығатын шетелдіктер үшін бизнес-процестерді дамыту мәселесіне де тоқталды. Бұл ретте Қауымдастық жасанды интеллектті пайдалана отырып, «QAZAQ Заңгер-Чаты» платформасын әзірлеген. Платформаның ерекшелігі Қазақстанда бизнес ашқысы келетін, іскерлік байланыстар орнатқысы келетін шетелдіктерге жасанды интеллект көмегімен заңгерлік-кеңес алу мүмкіндігін ұсынады. «Жақында іске қосылатын платформа әлемнің 12 тілінде Қазақстанның қолданыстағы заңнамаларын сапалы әрі нақты түсіндіруге қауқарлы. Құқықтық-нормаларға қатысты сұрақтарға жауап беретін чатта негізінен Азия елдерінің тілдері қамтылды. Оның ішінде малай тілі де бар», - деді Қанат Бейсек.
«Керемет! Өте қуанышты жаңалық. Платформаны жақсы ойлаған екенсіздер, игілікті болсын!», деді Елші.
Әңгіме арасында Мохд Адли Абдуллах мырза Қазақстан мен Малайзия кәсіпкерлерінің арасында әлі де мүмкіндіктер баршылық екенін атап өтті. «Расында, Малайзиядағы бизнес өкілдері Қазақстандағы нарықпен етене таныс емес деп ойлаймын. Қазақстандағы мүмкіндіктерге біздің еліміздің кәсіпкерлерінің араласа түскенін қалаймын. Қауымдастықтың қызметі осы тұрғыдан Малайзия іскерлік ортасына керек деп бағалай аламын», - деді Елші.