Қауымдастық Индонезиямен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Президиум Төрағасы Дүйсен Қасейінов Индонезия елшілігінде болды

Индонез.jpg


    «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» Президиум Төрағасы Дүйсен Қасейінов Индонезияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінде болды. Президиум Төрағасын Индонезияның Қазақстандағы Елшісінің міндетін Уақытша атқарушы өкіл-Елшіліктің ақпарат және мәдениет басқармасының басшысы Джунис Дуана Сираит мырза қабылдады. Елшіліктегі кездесуге Қауымдастықтың Басқарма Төрағасы Қанат Бейсек және Қауымдастықтың Атқарушы хатшысы Қанат Тоқабаев та қатысты.

    Жүздесуде Дүйсен Қорабайұлы биыл құрылған «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығының» негізгі қызметтерімен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Дүйсен аға (2).jpg

«Қазақстан мен Индонезияның ұқсастығы бар: екі ел де табиғи ресурстарға бай, сауда-экономикалық бағытта ынтымақтастық орнықты дамып келе жатыр. Сонымен қатар, Индонезия әлемдегі халқы ең көп мұсылман елі ретінде де белгілі. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Индонезия халқының мәдениеті де ерекше. Осындай мәдениетті қазақ халқына таныстырып, екі жақтың мәдени әріптестігін арттыру маңызды. Біздің қауымдастықтың бір бағыты осыған негізделеді. Өткен тарихымыздан белгілі – Азия саудасының салты басқа өңірлерге, басқа өркениеттерге қарағанда ерекше. Сауда жүрген жерде мәдениет те қоса жүретіні, ал мәдениеттің елдер арасындағы интеграцияға, дамуға әсері зор болғаны анық», - деді кездесуде Дүйсен Қорабайұлы.

Сонымен қатар, Президиум Төрағасы Қазақстан мен Индонезияның мәдени ықпалдастығын арттыратын іс-шараларды қолдауға қатысты пікірін де білдірді.

каз стр.jpg

Ал Қауымдастықтың Басқарма Төрағасы Қанат Бейсек сауда-экономикалық байланыстар туралы әңгімеледі. Қауымдастық тарапынан Азияның бірқатар елдерімен іскерлік байланыстарды арттыру туралы да сөз болды.  «Қазақстанның Азия құрлығындағы мемлекеттермен сауда-экономикалық байланысына ықылас ерекше. Соның ішінде Қазақстан мен Индонезияның арасындағы экономикалық байланыстарды жоғары бағалаймыз. Біздің шетелдік компаниялармен жұмыс істеуде 7-8 жылдық тәжірибеміз бар. Ал соңғы кездері табиғи ресурстарға бай, инвестициялық климаты қолайлы ел ретінде бізге қызығушылар саны артып келеді. Бизнес-әріптестік, соның ішінде Қазақстандағы инвестициялық, салықтық жеңілдіктер туралы білгісі келетіндер көп. Осындай сұраныстарды ескеріп, біз жақында Жасанды Интеллекті пайдалана отырып  шетелдік бизнес ортаға арналған заңгерлік-сұрақ-жауап чат-ботын жасап шығарған болатынбыз. Яғни, Жасанды интеллект арқылы енді шетелдік, соның ішінде Азия елдерінің ірі бизнес өкілдері Қазақстан заңнамасына қатысты сауалдарға лезде жауап ала алатын болады. Қазір Заңгер-чат қытай, жапон, корей, ағылшын, орыс секілді 16 елдің тілінде жауап береді. Соның ішінде Индонезия тілі де бар», - деді Қанат Бейсек. Оның пікірінше, Жасанды интеллектке негізделген заңгер-чат Қазақстанға қатысты әлемнің көптеген елдеріндегі бизнесмендердің іскерлік байланысын жеңілдетпек.

елш.jpg

Өз кезегінде Елшінің уақытша өкілі Джунис Дуана Сираит мырза Қауымдастық жұмысына ризашылық білдіріп, келесі жылға жоспарланған мәдени іс-шараларына тоқталды. «Индонезияның қазіргі негізгі жаңалығы -  астананы көшіру. Әрине, бас қаланы ауыстыруда Қазақстанның үлкен тәжірибесі бар екенін білеміз. Сол үшін де байланысымыз бұрынғыдан да жақсарып келеді.  Бұл ғана емес, біздің мәдени ынтымақтастығымыз да маңызды. Біз 2025 жылға ауқымды іс-шаралар жоспарлап отырмыз. Қазақстанның Мәдениет министрлігімен меморандум жасауды ойластырып жатырмыз. Музыка және өнер саласындағы ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз. Әлбетте, екіжақты туризмге де көңіл бөлеміз. Осы ретте Түркістан қаласын ерекше атап өткім келеді. Оған Индонезиядан келетін туристердің қызығушылығы бар. Сіздердің біздің елшілікке келгендеріңізге қуаныштымын. Қауымдастықтың қызмет бағыты біз үшін аса қызықты. Жалпы, алдағы уақытта бизнес және мәдениет саласындағы жоспарларымыз туралы Қауымдастыққа хабарласып, пікірлесіп отыруға болады деген ойдамыз. Бірлескен жобалар болса да қарастыруға ашықпыз», - деді Джунис Дуана Сираит мырза.


инд.jpg